Размер шрифта: A A A
Цветовая схема: A A A
Call Center: 8 (727) 390-66-75

Единый городской телемедицинский Call-центр Алматы - 8 (727) 30-05-05;      Единый номер для сотовых операторов - 1312.

Профилактикалық егу жүргізу ережесі

1. Осы Профилактикалық егу жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес әзірленді және профилактикалық егулер жүргізу тәртібін анықтайды

2. Профилактикалық егулерді алғашқы медициналық-санитариялық көмекті, ересектерге және (немесе) балаларға консультативтік-диагностикалық және (немесе) стационарлық медициналық көмекті жүзеге асыруға лицензиясы бар болған жағдайда заңды тұлғалар жүргізеді.

Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.06.29 N 663 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

3. Профилактикалық егулер осы Ережеге қосымшада белгіленген мерзімдерде жүргізіледі.

4. Жоғары және орта медициналық білімі бар, егуді жүргізу техникасы ережелеріне, вакцинадан кейінгі реакциялар мен асқынулар дамыған жағдайда кезек күттірмейтін көмек тәсілдеріне оқытылған, егулерді жүргізуге рұқсаты бар адамдарға профилактикалық егулерді жүргізуге рұқсат етіледі. Рұқсатты жыл сайын медициналық ұйым жанынан арнайы құрылған профилактикалық егулер жүргізуге рұқсат беру жөніндегі комиссия береді.

5. Профилактикалық егулер жүргізуді ұйымдастыруды, профилактикалық егулерді жүргізетін мамандарды даярлауды медициналық ұйымдардың басшылары жүзеге асырады. Профилактикалық егулер медициналық ұйымдардың және (немесе) білім беру ұйымдарының арнайы жабдықталған егу кабинеттерінде жүргізіледі.

6. Профилактикалық егулер жүргізілетін үй-жайлар қолдануға арналған нұсқаулығы бар кезек күттірмейтін және шоққа қарсы терапия жиынтығымен міндетті түрде қамтамасыз етіледі.

7. Елді мекенде профилактикалық егулер жүргізу үшін жағдай болмаған кезде (медициналық ұйым, медицина қызметкері немесе вакциналар мен басқа да иммундық-биологиялық препараттарды сақтау үшін жағдайдың болмауы) профилактикалық егулерді тиісті жылжымалы егу бригадасы жүргізеді.

Жылжымалы егу бригадаларының жұмыс режимін денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары белгілейді.

8. Профилактикалық егулер жүргізу үшін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген медициналық иммундық-биологиялық препараттар пайдаланылады.

9. Профилактикалық егулер парентеральды - өздігінен жойылатын шприцтер арқылы және пероральды - ішке қабылдау арқылы жүргізіледі.

10. Профилактикалық егулерді жүргізу алдында егілетін адамның медициналық құжатына профилактикалық егуді жүргізуге рұқсатты ресімдей отырып, егілетін адамды міндетті түрде дәрігер, ал ол болмаған кезде фельдшер тексеріп-қарауды жүргізеді. Дәрігер немесе фельдшер тексеріп қарағаннан және азаматтардан, кәмелеттік жасқа толмағандардың ата-аналарынан немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасындабелгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтардың басқа да заңды өкілдерінен профилактикалық егулер жүргізуге келісім алғаннан кейін егуге вакцинациялаудан кейінгі реакция пайда болған жағдайда медициналық көмекке жүгіну қажеттілігі туралы түсіндірме жұмысын жүргізеді.

11. Профилактикалық егулер жүргізу алдында медицина қызметкері вакцинаның және басқа да иммундық-биологиялық препараттардың сапасын: ампуланың (сауыттың) бүтіндігін, жарамдылық мерзімін, таңбалануын, вакцинаның ерітіндіге және қоса берілген нұсқаулыққа сәйкестігін мұқият тексереді.

12. Профилактикалық егулер жүргізу алдында дәрігер немесе фельдшер медициналық құжаттарды зерделеу жолымен анамнез деректерін жинауды, сондай-ақ профилактикалық егуге жататын адамнан, оның ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен деректерді анықтауды жүргізеді.

13. Профилактикалық егулер жүргізу алдында егілетін адамды медициналық зерттеп-қарау ол денсаулығының жай-күйінің нашарлауына шағымданған жағдайда және (немесе) аурудың объективті симптомдары бар болған кезде жүргізіледі.

14. Профилактикалық егулер жүргізу алдында егілетін адамға міндетті түрде термометрия жүргізіледі.

15. Егілген адамдар вакцинациялаудан кейінгі реакциялар мен асқынулар пайда болған жағдайда шаралар қабылдау үшін өздері профилактикалық егулер алған медициналық ұйымда 30 минут бойы бақылауда болады. Профилактикалық егулерді жылжымалы егу бригадасы жүргізген жағдайда егілген адамдар егуді жүргізген медицина қызметкерінің бақылауында болады.

16. Барлық жүргізілген профилактикалық егулерді медицина қызметкері есепке алуы және мына мәліметтерді қамтуы тиіс: препаратты енгізу күні, препараттың атауы, сериясының нөмірі, дозасы, бақылау нөмірі, жарамдылық мерзімі, препаратты енгізуге реакцияның сипаты, шығарушы ел. Аталған деректер медициналық құжаттардың есепке алу нысандарына енгізіледі:

1) балаларда - профилактикалық егу картасы (063/у нысаны), баланың даму тарихы (112/у нысаны), баланың медициналық картасы (026/у нысаны), амбулаториялық науқастың медициналық картасына жасөспірімге арналған қосымша парақ (025-1/у нысаны), жаңа туған нәрестенің профилактикалық егулерін есепке алу журналы (перзентхананың) - 064-1/у нысаны, вакциналардың қозғалысы журналы - 064-2/у нысаны;

2) ересектерде - амбулаториялық науқастың медициналық картасы (025/у нысаны), профилактикалық егулерді есепке алу журналы (064/у нысаны).

17. Профилактикалық егулер туралы мәліметтер нысанын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін егу паспортына енгізіледі.

Есепке алу құжаттамасы мен егу паспортында профилактикалық егулерді жүргізу туралы жазбаның дұрыстығын және шынайылығын профилактикалық егулерді жүргізген медицина қызметкері қамтамасыз етеді.

18. Вакциналар мен басқа да иммундық-биологиялық препараттарды енгізудегі реакциялар мен асқынулардың барлық жағдайлары осы Ереженің 16 және 17-тармақтарында көрсетілген медициналық құжаттардың есепке алу нысандарында тіркеледі.

We use cookies to improve our website. Cookies used for the essential operation of this site have already been set. For more information visit our Cookie policy. I accept cookies from this site.Agree